Мемлекеттік қызмет

Мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 19 маусымдағы № 254 бұйрығына толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 17 шiлдедегi № 306 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 20 шiлдеде № 20997 болып тіркелді

БҰЙЫРАМЫН:

1. «Мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 19 маусымдағы № 254 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тізімдегі актінің тіркеу нөмері 20883 электрондық түрдегі Эталондық бақылау банкі 2020 жылғы 24 маусымда жарияланды) мынадай толықтыру енгізілсін:

Мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларында:

4-қосымшаның 8-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«8. көрсетілетін қызметті берушіге:

1) қабылдауға арналған жолдама (берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жарамды);

2) ата-анасының немесе заңды өкілдерінің бірінің жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);

3) баланың тууын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);

4) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2003 жылғы 24 маусымдағы № 469 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2423 болып тіркелген) бекітілген «Бала денсаулығы паспорты» 026/у-3 есеп нысанын толтыру және жүргізу жөніндегі Нұсқаулықта қарастырылған нысан бойынша баланың денсаулық паспорты;

5) баланың денсаулығы туралы анықтама;

6) психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы (ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін).

Порталға:

1) қабылдауға арналған жолдама (берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жарамды);

2) ата-анасының немесе заңды өкілдерінің бірінің жеке басын куәландыратын құжат (уәкілетті органның ақпараттық жүйесінен алынады);

3) баланың тууын куәландыратын құжат (уәкілетті органның ақпараттық жүйесінен алынады);

4) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2003 жылғы 24 маусымдағы № 469 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2423 болып тіркелген) бекітілген «Бала денсаулығы паспорты» 026/у-3 есеп нысанын толтыру және жүргізу жөніндегі Нұсқаулықта қарастырылған нысан бойынша баланың денсаулық паспорты (уәкілетті органның ақпараттық жүйесінен алынады);

5) баланың денсаулығы туралы анықтама (уәкілетті органның ақпараттық жүйесінен алынады);

6) психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы (ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін) (сканерленген көшірмесі).

Тиісті мемлекеттік органдар шектеу іс-шараларын жүзеге асырған, төтенше жағдай енгізілген, белгілі бір аумақта әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайларда, осы аумақта көрсетілетін қызметті алушылар шектеу іс-шараларын алып тастауға, төтенше жағдайдың қолданысын тоқтатуға қарай осы тармақтың бірінші абзацының 4), 5) және 6) тармақшаларында және екінші абзацының 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды тікелей білім беру ұйымдарына ұсынады.».

2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті (М.Т Мелдебекова) Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.

4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының 
Білім және ғылым министрі

А. Аймагамбетов